Ауыл әкімі қызметкерлерінен мерекелік дастарханға ақша жинамақ болған
Алтай ауданына қарасты Октябрь кенті әкімдігінің маманы басшылардың бұл бұйрығына қарсы шығып, жемқорлыққа қарсы агенттікке жүгінген
Оның сөзіне қарағанда, әкімдік қызметкерлері желтоқсан айының ортасына таман біршама сыйлықақы алған екен, ал басшылық болса, осы сыйақыдан мерекелік кешке және басқа да әкімшілік шығындарға 20 мың теңгеден жинауға талап қойған.
Ал ауыл әкімі қызметкердің "талап қойды" деген сөзін жоққа шығарып, барлығы бірауыздан келіскен ортақ шешім екендігін айтып отыр.
- Қызметкерлерге ешкім талап қойған жоқ. Тек шаруашылық қажеттіліктерді өтеу мен қайырымдылық жасауға ұсыныс жасалды. Ал бір аптадан кейін олар қаржы жинаудан бас тартты, - дейді шенеунік.
Бұл оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс жүргізіліп, қаржының заңсыз жиналғаны анықталды.
- Ауыл әкімінің кінәлі екендігі анықталды. Сондықтан Алтай ауданының әкіміне қызметтік тексеріс жүргізілген мемлекеттік қызметке қатысты шара қолдану тапсырылды, - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті бас маманы Эльнар Тұрсынқанов.