ШҚО-да такси жүргізушісіне шабуыл жасағандарға 16 жыл берілді
Үш қылмыскер де қауіпсіздігі жоғары мекемеде жазаларын өтейтін болады
Қылмыс өткен жылы қыркүйек айында орын алған. 51 жастағы такси жүргізушісі қаскөйлердің қолынан сытылып шығып, полицияға шағымданған
Тергеу нәтижесінде сол күні үш дос ішімдікке сылқия тойып, үйлеріне жетудің амалын қарастыра бастаған. Олардың бірі такси шақырып, жүргізушісін өлтіріп, көлігін тартып алуды ұсынады. Қалған екеуі көп ойланбастан, келіс кеткен. Такси шақырған. Самар ауылынан шықпас бұрын үшеуі әрқайсының өз іс-әрекетін келісіп алған. Шешек асуына жақындаған уақытта жүргізушіден көлікті тоқтатуды өтініп, бұл жерден басқа көлік алып кететінін айтқан. Алайда көлік тоқтаған уақытта жолаушылардың бірі жүргізушіні қылқындырып, артынша үшеуі де бірге қылқындыра бастаған. Жан тапсырды-ау деген уақытта оны жүк салғышқа салып, 50 метрден кейін лақтырып, кетіп қалған.
Ал қаскөйлер мәйіт деп лақтырып кеткен жүргізуші біршама уақыттан кейін есін жиып, жолға шыққан. Өтіп бара жатқан КамАзға отырып, полиция бөлімшесіне жеткен.
Ал ағымдағы жылдың ақпан айының аяғында ШҚО қылмыстық істер бойынша мамандандырылған аймақаралық соты осы іске қатысты шешім шығарды – қылмыскерлердің әрқайсысын 16 жылға бас бостандықтарынан айырды.
Жаза тағайыналғандар – бұрын істі болмаған 1995, 1996 және 1998 жылғы азаматтар. Олардың бірі шаруа қожалығында істесе, енді бірі базарда жүк тасыған, ал үшіншісі қаладағы сауда үйлерінің бірінде жұмыс істеген.