Даниал Ахметов футбол академиясының тағдырын шеше ала ма?
Академияға бөлінген қаржыны баз біреулер әдейі тоқтатып, жағдайды ушықтыруда.
Еліміздегі төрт академияның бірі саналатын, жеткіншектерді аяқдоптың әліппесінен бастап кәсіби деңгейге дейін баулып шығаратын оқу орны - "Алтай" футбол академиясындағы балалардың қысқы уақыттағы жағдайы туралы бұрын да жазған болатынбыз.
Енді бұл академияға бөлінген қаржыны баз біреулер әдейі тоқтатып, жағдайды ушықтыруда. Осындай қисынсыз іс-әрекетке енді ата-аналар қарсы шығып, облыс әкімі Даниал Ахметовке, аймақтың бас прокуроры Құсайын Игембаевақа хат жазып, қол жинап жатыр.
- Академия биылғы мемелекеттік сатып алу байқауын ұтқанымен, облыстық мәслихаттың хатшысы әрі ШҚО футбол федерациясының вице-президенті Владимир Михайлович Головатюктің кірісумен қаржыландыру тоқтатылды. Балаларымыз талантты, болашақтарынан үміт күтеміз. Жасөспірімдер футболы – қазақстандық футболдың іргетасы. "Алтай" футбол академиясын сақтап қалуды, футболмен өмір сүріп жүрген балаларымызды құтқаруыңызды, мемлекеттік сатып алуға қатысты объективті баға беруіңізді сұраймыз, - делінген хатта.
Ата-аналар академия құрылып, келісімге қол қою рәсімі барысында облыс әкімі Даниал Ахметовтің "бұл жобаның біздің өңір үшін маңызы зор, жаттығу үрдісі үшін барлық жағдай жасалады" деген сөзін де әлі күнге дейін ұмытпаған. Ал орын алып жатқан жағдайды сараптасақ, Владимир Головатюк заң бойынша тиесілі қаржыны ересектер ойнайтын құрама командаға, яғни, "Алтай" ШҚ футбол клубы" ЖШС-на бағыттамақ. Оның себебі белгісіз. Белгілісі – академия мен спорт басқармасы арасындағы мемлекеттік сатып алу келісімшартына кедергі келтіру мақсатында тексертулер жібергілгені. Ал академияны жабуға шешім қабылдаса, ондағы 500 баланың тағдыры не болмақ? Коммерциялық клуб та емес, қаржыландырып отырған демеушілері де жоқ.
- Қазіргі уақытта академияда 500 бала мен жасөспірім жаттығып, жас ерекшеліктері бойынша 12 топ құрылды. Оларды халықаралық лицензиясы бар 20-дан астам жаттықтырушы баулиды. 50 талантты жас аймақтағы аудандардан келіп, интернатта тұрып, жаттығуда. Командалардың 3 жылдағы жетістігі орасан зор. Тек соңғысын айтсақ, жуықта ғана "Арман" республикалық турнирінде финалға шықты. Ол жерде еліміздегі мықты футбол орталықтары мен академиялары қатысқан. Біз бұл балаларды үйретіп, ересектердің құрамасына жібереміз, - деген "Алтай" ШҚ футбол академиясының директоры Жандос Қайырұлы да академияның қазіргі жағдайына алаңдаулы екенін білдірді.
Естеріңізге сала кетсек, Өскемен қаласында "Алтай" футбол академиясы 2015 жылғы қыркүйек айында ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің шешімі бойынша және испаниялық "Soxna" компаниясы арасындағы келісім аясында Қазақстан құрама командалары мен шеберлер командалары үшін еуропалық деңгейдегі сапалы футболшылар резервін дайындау мақсатында құрылған еді.
Сондай-ақ, жасөспірім спортшыларының сапалы дайындығы үшін жергілікті жаттықтырушылар мен академияға қабылданушылар Еуропалық футбол қауымдастығының жоғарғы халықаралық стандарты бойынша оқытылып келеді. Тіпті, Семейдегі ересектер құрама командасының жаттықтырушылары осы жасөспірімдердің қаржысына біліктіліктерін арттыратын көрінеді. Ал ересектер клубына бөлінген қаржы біліктілікті арттыруға жетпейді-мыс. Сонда ондағы қаржының жартысы легионерлер қалтасына кетіп жатқаны ма? Сұрақ көп. Жауап жоқ. Ал ата-аналардың өтінішіне облыс әкімі не дер екен? Ол туралы алдағы уақытта хабардар етеміз.