Ресейге оқуға кететін түлектер азайды
Түлектердің шетелге кетуін тежеу үшін өңірде арнайы бағдарлама құрылған
Егер 2016 жылы өңірден 1800 түлек өзге елге оқуға аттанса, биыл олардың саны үш есе азайған.
- Биыл 8488 оқушы мектеп бітіргелі отыр. Біздің болжамымыз бойынша, 6399 оқушы елдегі жоғары оқу орындарына оқуға түсуді таңдап отыр. Ал 1389-ы колледжге оқуға кеткісі келеді. Ал Ресей Федерациясына 535 оқушы, басқа шетелдерге 79 түлек оқуға түсуі мүмкін, - дейді ШҚО Білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Байжанова.
Көрші елге кетушілердің санының азаюына облыста дайындалған бағдарламаның пайдасы көп болған. Үш бағыттан тұратын бағдарламаны жүзеге асыруға үш жылдай уақыт кеткен. Білім беру гранттарын көптеп бөлу мен өңір жоғары оқу орындарын күшейту арқылы шетелге кететін түлектердің саны үш есе азайды.
- Оқуға түсуге қолжетімділік пайда болды. Егер 2017 жылы мектеп бітірген оқушылардың 48 пайызы грантпен оқуға түссе, былтыр 58 пайызы грантқа түсті, - дейді Айгүл Байжанова.