Өскемен тұрғыны бірнеше адамды миллиондап тақырға отырғызып кеткен
Өскемен қалалық полиция бөліміне соңғы үш айда бірнеше тұрғын келіп арызданып, алаяқтан алданып қалғанын айтқан. Олардың бәрі бір алаяқтан "таяқ жеген"
Алаяқ әйел тұрғындарға аз пайызбен несие алып беремін деп уәде беріп, олардан несие алу үшін алғашқы жарна төлеу керектігін айтып, комиссия ақы талап еткен. Аңқау азаматтар оның айтқанына сеніп, комиссия ақыны да қалтасынан салып берген.
Мәселен, балабақшада жұмыс істейтін бір әйел 30 жастағы бір азаматшамен өткен жылы танысып қалып, оның банкте "қара тізімді" жоя алатын танысы бар екендігін білген. Ал "қара тізімнен" шыққысы келіп жүрген балабақша қызметкері де оның айтқанына сеніп, қолына комиссия ақы ұстата салған.
Осылай бірнеше адамды алдап кеткен алаяқ ұзын-соны 1,5 млн теңгені қолды қылған.
- Қазір алаяққа қатысы бар күдіктіге тергеу алды амалдары жасалуда, - дейді Өскемен қаласы ПБ баспасөз хатшысы Әсел Әміренова.