Полиция қызметкерлері көлікпен адам қақты
Өскеменде патрульдік көлік жүргізушісі көктайғақта көлікті дер кезінде тоқтата алмай, жолдан өтіп бара жатқан адамды қағып кеткен
ЖКО Стаханов көшесі мен Тәуелсіздік даңғылы қиылысында, "Телестудия" аялдамасына жақын маңда орын алды.
- Егде жастағы әйел реттелетін жаяу жүргіншілер жолағымен жолдан өтіп бара жатқан. Сол уақытта Глубокое аудандық ПБ қызметтік көлігі қағып кеткен. Нәтижесінде түрлі жарақат алған азаматша ауруханаға жеткізілді, - деп мәлімдеді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Куәгерлер әлеуметтік желіге жүктеген бейнежазбада байқалғандай, полиция көлігі жоғары жылдамдықпен қозғалып келе жатқан. Тежегішін басса да, көктайғақта сырғып барып тоқтай алмай, адамды қаққан.
Полиция департаменті мәлімдегендей, жол-көлік оқиғасына қатысты ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Оқиғаның мән-жайы анықталып, кінәсі дәлелденсе, тәртіп сақшысы екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.