ШҚО полицейлері жүргізуші әйелге көмек көрсетті
Өскемен қаласының тұрғыны Ресейге туған-туыстарына барып қайтпақ болып, "Лада Гранта" көлігімен жолға шығып кеткен екен
Бірақ Глубокое ауданына жеткен кезде тас жолдан ұшып кеткен. Көлігі аударылып қалғанын көрген әйел жүргізуші не істерін білмей, қатты абдырап, қорқып қалған екен.
- Көліктер зуылдап өтіп жатыр. Біріде-бірі тоқтап, жағдайымды сұрауға жарамады. Қуанышқа орай, осы маңда жол полициясы патрульдеп жүр екен. Қос полицей көлігімді қардан аршып, жолға шығарып берді. Ол кісілерге алғысым шексіз! - дейді Надежда Вербицкая.
ШҚО ПД баспасөз қызметі хабарлағандай, батальон инспекторы, аға лейтенант Қанат Қожақанов пен полиция лейтенанты Олжас Әлімханов жүргізушінің көлігін жолға шығарып, сыртын толық тазалап берген.