Өскемен әкімдігі Абай даңғылындағы жаяу жүргіншілер жолына қатысты түсініктеме берді
Қала әкімдігі жол белгілерін орнатумен айналысқан жол патрульдік полицейлерінен жауап алу керектігін ескертті
Қазір қала тұрғындары "Темірлан" сауда үйі алдындағы жаяу жүргіншілері жолының алынып тастағанын қызу талқылап жатыр. Ал қала әкімдігі әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жағдайға қатысты түсініктеме берді.
- Заңға сәйкес, жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілер жолағын реттеу, бағдаршам мен жол белгілерін орнату полицейлердің міндетіне жатады, - деп түсіндірді қала әкімдігі.
Ал Өскемен қаласы ПБ жол-техникалық инспекция бөлімінің басшысы Сергей Коваленко қала жол құрылысына сәйкес, екі жаяу жүргіншілер жолағының арасы 250 метр болу керектігін айтады.
- Ал жер үсті немесе жер асты өткелдері болған жағдайда, бір жаяу жүргіншілер жолағы мен екінші жаяу жүргіншілер жолағының арасы 400 метрге дейін созылып жатуы тиіс. Сондықтан да Абай даңғылы мен Красин көшесінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер жолы алынып тасталды. Осы орайда айта кеткен жөн, мәселен, Тәуелсіздік даңғылы 8/1-үй маңында орналасқан жол асты өткелі мен жаяу жүргіншілер жолы арасындағы қашықтық 400 метрден асады. Ал "Император" сауда кешені мен Киров көшесіне дейінгі жаяу жүргіншілер жолының арасы 550 метр. Бұл қалаға тән жайт, - дейді Сергей Коваленко.