Паралимпиадалық пауэрлифтинг мықтылары анықталды
Рухы мен бұлшықеті мықтылар спорты Шығыстағы ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың қызығушылығын тудыруда
Жаңа жыл қарсаңында Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика кешенінде барлық жастағы спорт шылар арасындағы парапауэрлифтинг, классикалық пауэрлифтинг пен жатып штанганы сығымдап көтеру бойынша Өскемен қаласындағы II ашық чемпионат өтті.
Жалпы жүлде қоры 200 мың теңге болды. Ал жарысқа Қазақстанның алты қаласынан 160 спортшы қатысты (Өскемен, Семей, Риддер, Зырян, Павлодар мен Астана).
- Пауэрлифтинг шын мәнінде ең ауыр спорт түріне жатады, - деп атап өтті ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова. - Өскемен қаласының спортшыларының дайындығын атап өтпеске болмайды. Денсаулықтарындағы кінәратқа мойымай, қимыл-қозғалыс қиындық тудырса да жарысқа қатысып, жігер танытып жатқан жандар нағыз мықты спортшылар деуге тұрарлық.
Қаладағы ерекше спортшылар осымен екінші рет қалалық және облыстық жарыстарға қатысып, түрлі нәтижелер көрсетіп, жүлделі орындар иеленуде:
Әлия Кенченбаева - 1-орын (67 кг дейінгі салмақта) - I топтағы мүгедек;
Ермек Конопьянов - 1-орын (54 кг дейінгі салмақта) - II топтағы мүгедек;
Шалқар Жекебаев - 1-орын (65 кг дейінгі салмақта) - II топтағы мүгедек;
Николай Козлов - 2-орын (65 кг кг дейінгі салмақта) - III топтағы мүгедек.
Айта кеткен жөн, жалпыкомандалық жарыстарда қаламыздың спортшылары 1-орын алды.
- Жарысқа қатысушылардың барлығын құттықтағым келеді, - дейді жеңімпаз Әлия Кенченбаева. - Әрқайсымыз үшін бұл шынайы жеңіс. Барлық спортшыларға мықты денсаулық, мол табыс және жаңа жетістіктер тілеймін!
Ал жарысты Leader Sport фитнес-клубының директоры Светлана Серова ұйымдастырып, оған Өскемен қалалық спорт және дене тәрбиесі бөлімі, Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған клуб пен оның жетекшісі Ольга Кузовлева, сонымен қатар пауэрлифтинг бойынша жаттықтырушы, спорт шебері, ҚР бес дүркін чемпионы Андрей Белослубцев қолдау көрсетті.