Мемлекеттік бағдарламамен несие алған ШҚО кәсіпкерлері қарызға батып қалды
2020 жылға арналған Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша несие алған кәсіпкерлер аяқ астынан берешегі бар қарызгерлер болып шыға келді
Мәселенің барлығы бағдарламаға қосылған ынтамақтастық жауапкершілік жөніндегі бапта болып отыр.
Осыдан бір ай бұрын Көкпекті ауданында "Ертіс" ӘКК-тің "Тобыл Несие" несие серіктестігінің 53 заем алушысына қатысты сот отырысы өтті. Несие алушылар ұлттық кәсіпкерлік корпорациясына 200 млн теңге қарыз болып қалған. Алайда несие алушылардың жартысынан астамы несиесін толықтай жауып тастаған.
Отырыс кезінде белгілі болғандай, несие серіктестігі "Ертіс" ӘКК алдындағы міндетін толықтай орындамаған, үш жарым жыл бойы қаржылық есеп-қисабын да өткізбеген. Соның кесірінен қарыздың да көлемі өсіп кеткен.
Ал сот залына келген кәсіпкерлердің көбі алған несиесін толықтай жауып тастағанын айтып, құжаттарын да көрсеткен. Ал "Ертіс" корпорациясы бұл жаңалықтан хабарсыз болып шықты.
- 2013 жылы үш миллион теңге несие алғанмын. Пластик терезе цехін аштым, жұмыс жақсы жүруде. Сондықтан несиені де дер уақытында қайтарып үлгердім. Несие серістестігі маған қарызымды қайтарғаным жөнінде анықтама берді. Енді міне, аяқ астынан мен "Ертістің" алдында қарыздар адам болып шыға келдім, - дейді "Тобыл несие" несие серіктестігінен қарыз алған Александр Бархатов.
Екі тарапты да тыңдаған сот "Ертістің" арызын жартылай қанағаттандырған. Несие серіктестігімен келісімшарт бұзылды, өсімпұл азайтылды. Алайда несие алғандардың қарызы сол күйінде қалды. Енді 66 несие алушының 170 млн теңге қарызын 53 кәсіпкер төлейтін болды.
Алайда бұл айсбергтің бер жағы болып шықты. Өйткені несие алушылардың барлығы ынтымақтастық жауапкершілік жөніндегі бапқа да келісім беріп, қарызды қайтармаған басқа біреулердің де қарызын қайтаруы тиіс болып шықты. Яғни, несие алып, оны қайтармай жоқ болып кеткендердің қарызын несиесін адал түрде қайтарып жүргендер "жауып" беруі тиіс екен.
- Мен алған зайымды қайтардым. Кәсібімді кеңейттім. Ал енді бәрінен айырылып отырмын. Үйім, кәсібім, мүлкім арестқа алынды. Неге мен басқа біреулер үшін несие қайтаруым керек? Олар алған ақшаларына үй мен көлік сатып алды. Олар үшін неге біз жауап беруіміз керек? – дейді кәсіпкер Әбілхан Каткенов.
Ал заңдағы ынтымақтастық жауапкершілікті тек ҚР Үкіметі ғана алып тастай алады екен. Сонда ғана кәсіпкерлердің қарызы "жоқ" болмақ. Ал "Ертіс" ӘКК заңға өзгеріс енгізу туралы ұсынысты Үкіметке жолдаған, алайда ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау жөніндегі министрліктен мұның мүмкін емес екендігі жайында жауап келген.
Қазіргі уақытта ШҚО Прокуратурасы Бас прокурорға ынтымақтастық жауапкершілік жайында хат жолдаған.
Ал көкпектілік кәсіпкерлер мұнымен тоқтап қалмайтындығын айтуда. Қазір олар облыстық сотқа аппеляциялық шағым дайындауда.