Өскемен полицейі тонаудың алдын алды
Тәртіп сақшысы тонаудың алдын алып, қылмыскерді ұстады
- Жол-патрульдік полиция батальонының инспекторы полиция кіші лейтенанты Рүстем Қасымжанов кешкісін әдеттегідей үйінен шығып, жұмысқа қарай бет алған, - деп мәлімдейді Өскемен қалалық Полиция басқармасының баспасөз қызметі. - Қазақстан көшесінің бойымен келе жатқан Рүстемнің құлағына кенеттен көмек сұрап айқайлаған әйел адамның дауысы шалынады. Дауыс шыққан жаққа жан ұшыра жүгірген оның көзіне орта жастағы әйел адамның қолындағы сөмкесіне жармасқан жас жігіт түседі. Көмекке жүгірген тәртіп сақшысын байқаған тонаушы қаша жөнеледі. Күнделікті қызметінде құқықбұзушыларды құрықтаудың маманы болған Рүстем қашуға бекінген күдіктіні қуып жетіп, қолға түсіреді. Дереу «102» арнасына хабарласып, жақын жердегі экипаж қызметкерлеріне тапсырады.
Сөйтіп, Рүстемнің қырағылығы мен сауатты қимылының арқасында тосын бір қылмыстың жолы кесіліп, құқықбұзушылықтың алды алынды. Ал кәмелеттік жасқа толмаған күдікті тиісті заң алдында жауап беретін болады.