Өскемен қаласының тұрғыны жедел жәрдем көлігінде баласымен бірге келе жатып апатқа ұшырай жаздады
Жедел жәрдем көлігі тайғақ жермен жүріп, жолдан ұшып кете жаздаған
Өскемен қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде жұма күні түнге таяу жедел жәрдем шақырғаны жайлында жазба жазып, басынан өткен оқиғасымен бөлісті. Әйел адам жедел жәрдемді ауырып қалған баласы үшін шақырған. Келген дәрігерлер баланы қарап, ЖМК ауданындағы Ана мен бала орталығына апару керек деп шешкен.
- ЖМК ауданына кіріп бара жатқанымызда жедел жәрдем көлігі тайғанақтап, жолдың қарсы бетіне қарай шығып кетті. Жүргізуші көлікті тоқтап үлгермегенде, ағашқа барып соғылар едік. Ал менің қолымда 11,5 айлық сәбиім бар, - деп жазды әйел.
Тұрғынның айтуынша, ЖМК ауданының көшелеріне құм себілмеген, қар күрейтін көліктер де көрінбейді.
- Егер қайғылы жағдай орын алса, кім кінәлі болмақ? - деп сұрақ қояды тұрғын.
Ал Өскемен қалалық әкімдігі оқиғаға жылдамдық асырды деп жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін кінәлап отыр.
- Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, - дейді мекеме.