Есірген ересектерден баламызды қалай қорғаймыз?
Ересек бола тұра, өз балаларымызбен кейбір тақырыптар төңірегінде сыр шертісуге ыңғайсызданатынымыз бар. Нәтижесі оқыс оқиғаларға ұрындырып жатады
Небары бір ай бұрын ғана Семей қаласында 5 жасар баланы педофил зорлап кетіп, халық арасында дүрбелең туғызды. Оқиғаның жай-жапсары көшедегі бейнекамераға түсіп қалған. Қылмыскер ұсталып, кінәсін мойындады. Дегенмен бұл жағдай көшедегі қауіпті сейілткен жоқ.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінінің мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың сегіз айында ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабы "Он алты жасқа толмағандарға қарсы сексуалдық қарым-қатынас немесе басқа жыныстық әрекеттер" бойынша қылмыстық істердің саны ШҚО-да 80% -ға өсті.
Ескертулер ескерусіз қалмай ма?
Мәселенің деңгейін анықтау үшін ШҚО полициясы биыл мектеп оқушылары арасында жаппай сауалнама жүргізді.
- Облыстың ювеналды полиция бөлімшелерінің қызметкерлері мұғалімдер және медицина өкілдерімен бірлесе отырып, ағымдағы жылдың басынан бастап оқу орындарында 355 анонимді сауалнама жүргізді, - деді ШҚО Ішкі істер департаменті басшысының орынбасары полковник Жанболат Калетаев. - Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, сауалнама жүргізілген балалар арасында жыныстық зорлық-зомбылық құрбандары жоқ.
Азаматтарды ақпараттандыру мақсатында елімізде 2016 жылдан бері Педофилдер туралы мәліметтер ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитеттің және ҚР Бас прокуратурасының порталында электронды карта түрінде жарияланған. Онда қылмыскерлер туралы мәліметтерді (фото, аты-жөні, туған жылы, мекенжайы және сотталғаны жайлы мәліметтер) көруге аламыз. Картадағы өңірлерді тінтуірмен басып, қылмыскерлер туралы толық ақпараттарды көруге болады. Қазіргі уақытта бұл картадан ШҚО-дағы 22 педофил туралы мәлімет бар.
Жазаларының мерзімі аяқталғандықтан, тіркелгендердің көбі қазір бостандықта жүр. Бұл адамдардың қазір қайда және не істеп жүргендері белгісіз. Ал тұрғылықты жерлері туралы ақпаратқа қарағанда, қылмыскерлердің көбі Өскемен, Риддер және Зырян қалаларында тұрады.
Педофилдерді химиялық кастрациялау басталды
2016 жылдың сәуір айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған еді. Заң жобасындағы өзгертулердің ішінде педофилдерді кастрациялау жазасын қолданысқа енгізу де болды. Бұл заң балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған. Осыған орай, елімізде педофилдерді кастрациялау үшін медициналық ұйымдарға биыл 9,629 миллион теңге бөлінген. Қаражат облыстық және қалалық бюджеттерге үлестірілді. Айта кетсек, бұл мақсатта ең көп қаражат Қарағанды облысына бөлінсе, (1,936 миллион теңге), екінші орында Шығыс Қазақстан облысы тұр (1, 421 млн).
Педофилдерді кастрациялау шарасы сот-психиатриялық сараптама негізінде соттың шешімімен жасалады. Бұл елдегі педофилиямен күресуге көмектеседі деп күтілсе де, ШҚО-да мұндай медициналық шара әлі қолданылмаған. Алайда, психологтар мен психотерапевтер оның тиімділігіне күмәнданады.
- Бұл процедура үшін "Ципротерон" стероидті антиандроген қолданылады, - дейді Шығыс Қазақстан психиатриялық диспансердің психотерапевт-дәрігері Мерхат Мұкышев. - Бұл инъекциялық препарат әрбір 10-14 күн сайын адамның терең бұлшық етіне жіберіліп отырады. Препаратты қабылдаудың кезеңінде адамның белсенділігі азаяды, бірақ екпе тоқтатылғаннан кейін қалпына келеді.
Мерхат Мұқышевтың айтуынша, бұл әдіс жазалауға жатпайды. Себебі медицина адамды жазалауды емес, емдеуді көздейді. Егер педофилдерге заң тұрғысынан қарасақ, онда олардың іс-әрекеттері үшін жазалау керек. Ал егер осы жағдайды медицина жағынан қарасаңыз, онда педофилия - бұл ауру және науқас өзінің ауруымен күресуге дайын болған жағдайда ғана емделе алады.
Педофилдердің құрбаны кімдер?
- Баласы зорланған ата-ана бұнда баланың кінәсі жоқ екенін түсінуі қажет. Баланы құшағыңызға алып, шын өкініш білдіріңіз. Зорлықшыны, әрине, жауапқа тарту қажет. Сонда ғана бала өзінің қорғауда екенін түсінеді. Ең бастысы бұл оқиғаны даурықтырып, жарияға жар салудың қажеті жоқ. Баланың аты-жөні және суреті ешқайда да шығып кетпеуі тиіс, себебі баланың болашағын да ойлау қажет, - деп ескертеді отбасылық психолог Светлана Рыбалкина.
Сондай-ақ, маман барлық ата-ананы баласына аса көңіл бөлу керектігін, сұмдық жағдай болмауы үшін жақын әрі сенімге негізделген қарым-қатынас құру керектігін, баланың бойынан қандай да бір күмәнді белгі табылса, дереу психологқа апару қажеттігін айтады.
Тіпті, психологтарға кейбір қыздар келіп, өз ағаларынан зорлық көргенін баяндап жататын көрінеді. Тағы бір отбасыларда әкесі балаларын зорлайды екен.
Отбасында көбінесе қыз балалар жыныстық зорлықтың құрбаны болатындықтан, ШҚО отбасын және балалықты қолдау орталығының директоры Лилия Куземко аналарды қыздарымен кішкентай кезден бастап ашық түрде әңгімелесуге шақырады.
P.S. Педофилия – бүгінгі қоғамның жаһандық проблемасы. Ешбір бала мұндай екі аяқты хайуанмен кездесуден сақтандырылмайды. Алайда бұндай оқыс оқиғаны болдырмау үшін біз балаларымызбен ашық әңгіме өрбітіп, сақтық шараларын түсіндіруіміз керек.