Өскеменнің Үлбі көпірінің маңында жол ережесі өзгерді
Көлік жүргізушілері Протозанов пен Астана көшелеріне бұрылар кезде, жаңа жол ережесін сақтамаса, айыппұл алып қалуы мүмкін
Көптен күткен қос көшенің жөндеу жұмыстары аяқталып, Үлбі көпірі ашылып, жүргізушілер жаңа жолмен жүре бастады. Бірақ көбі ережеден шатысып, қалай дұрыс жүру керектігін бағамдай алмай әлек.
- Сенбі күні жолаушылар тасып жүрген едім. Көпірден көшеге қарай бұрылайын десем, жол белгісі басқа жақты, жолақ белгісі басқа жақты көрсетіп тұр. Не істерімді білмедім. Соның кесірінен 2 АЕК есебінде айыппұл жазып берді, - дейді такси жүргізушісі Артем Косицин.
Ал жол ережесінің, шын мәнінде, қалай екенін білу үшін жол қозғалысын реттеуші жандардан сұраған едік.
- Үлбі көпірінен Протозанов көшесіне бұрылу үшін әрі тіке Крылов көшесіне өтуге арналған екі жолақ бар. Орнатылған жол белгісі бойынша көпірден Крылов көшесіне өту үшін екі жолақты та пайдаланса болады. Ал Астана көшесін бұрылу үшін сол жақ жолақпен жүруге рұқсат, бірақ аулаға тіке кіріп кетуге болмайды, - дейді Өскемен қаласы Полиция басқармасы жол-техникалық инспекция бөлімінің басшысы Сергей Коваленко.
Полицейдің айтуынша, қойылған жол белгілерінің арқасында бұл көпірдің бойында кептеліс азайған. Сондықтан жүргізушілердің жолаққа емес, жол белгісіне қарағаны абзал.