Өрт сөндірушілерге жол бермеген жүргізушілерге айыппұл салынды
Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы туралы үш әкімшілік хаттама толтырған
Риддер қаласының №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері мен тәртіп сақшылары "Жол бер" бірлескен акциясын өткізді, деп хабарлайды Устинка LIVE.
Өрт сөндірушілер көбіне автоәуесқойлардың дабыл қосылған мамандандырылған автокөліктерге жол бермеуімен кезігіп жатады. ШҚО ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл уақытта әрбір секунд қымбат.
- Мамандардың шұғыл көмегіне мұқтаж ондаған, тіпті, жүздеген адамның өмірі арнайы мақсаттағы машиналардың жылдамдық қозғалысына байланысты екендігін кейбір жүргізушілер әлі күнге дейін түсінбейді, - дейді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Бірлескен рейд барысында үш авто жүргізуші өрт сөндіру көлігіне жол бермеді. Сәйкесінше оларға айыппұл салынды.