Өскемен қаласындағы Депутат көшесі жөнделетін болды
Бүгін Өскемен қаласының әкімі Согра шағын ауданының тұрғындарымен кездесті
Әкіммен кездесуге келген тұрғындар алдымен коммуналдық шаруашылық мәселелерін көтеріп, шағын ауданның кейбір көшелері мүлдем жөндеу көрмегенін айтып шағымданды.
Сонымен қатар, кейбір көшелердің жаңбыр жауған кезде мүлдем судан көрінбей қалатынын тілге тиек етті. Мәселен, Депутат көшесінің жөнделмей жатқанына біраз жыл болған. Көшеге асфальт төселмек түгілі, қиыршық тас та төгілмеген.
- Соградағы 68 көшенің 25-і ғана жөнделген. Қалған көшелерге жартылай жөндеу не күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Биыл тек алты көшеге ғана қиыршық тас төгілді, - дейді жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің басшысы Максим Тисленко.
Тұрғындардың шағымын тыңдап, сұрақтарына жауап берген қала басшысы Депутатов көшесінің жөнделетіндігін айтты.