Пара алғандардың барлығы айыппұлмен құтылмайды
Жыл басынан бері облыста мемлекет қаржысын талан-таражға түсірген 19 шенеунік сотталған. Ал 32 мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен қолға түсіп, айыппұл төлеп құтылған
Қазақстанда Қылмыстық кодексті ізгілендіру мақсатында әрі түрмеге тоғытылғандарды азайту үшін кейбір қылмыстық істер әкімшілік істерге ауыстырылған болатын. Жазасы жеңілдетілген істердің қатарына пара алып, жемқорлықпен ұсталған күдіктілер де енген еді. Дегенмен ШҚО облыстық сотының судьяларының айтуынша, жемқорлықпен ұсталғандардың барлығы айыппұл төлеп құтылып кете алмайды. Десе де, төленетін айыппұлды кез келгеннің қалтасы көтере бермейтіні тағы белгілі.
- Мәселен, 30 мың теңге пара алған қызметкер мен 1,5 млн теңге пара алған қызметкерді, 10 млн теңге мемлекет қаржысын талан-таражға салған күдіктінің ісі мен 100 млн теңге жымқырған күдіктінің ісіне бірдей жаза қолданылуы мүмкін емес, салыстыруға келмейді. Сондықтан ауыр қылмыс жасағандар бас бостандығынан айырылады, - дейді ШҚО облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы Қайрат Шақпантаев.
Жыл басынан бері облыстық сотта жемқорлыққа қатысты 71 іс қаралған. Оның ішінде 19 істің жазасы бас бостандығынан айыру болса, 32 істің жазасы әкімшілік айыппұл болған. Барлығы 102 млн теңге айыппұл салынған. Оның 79 млн теңгесі төленген.
Ал мемлекет қаржысын жымқырғандардың арасында "Еңбек" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Семей өңірлік филиалының директоры Құсайынов пен "Досжан темір жолы" АҚ басқарма төрағасының ісі ел есінде қалды. Сотталғандарды азық-түлікпен және жұмыспен қамтамасыз ететін "Еңбек" мекемесінің директоры үкіметтен бөлінген 367 млн теңгені "жеп қойған". Алдыңғы жылы қабылданған Мемлекеттік сатып алу жөніндегі жаңа заң "Еңбек" кәсіпорындарына үлкен мүмкіндік берген. Яғни, мекеменің бюджет қаржысына иелік ету құқығы беріліп, кәсіпорын тарапынан түзету мекемелеріне қажетті қызметтерді жүзеге асыруға тендер байқаулары ұйымдастырыла бастаған.
Сот судьяларының айтуынша, кәсіпорын өкілдері мемлекет қаржысын қолды қылу үшін мердігер компаниялардың көмегіне жүгінген.
- "Еңбек Семей" кәсіпорнының басшысы мердігер фирмалардың жеке есепшотына қаржы аудару арқылы мемлекет ақшасын көлеңкелі айналымға шығарған, 367 млн теңгені қолды қылған. Ол 8 жыл бас бостандығынан айырылды, - дейді Қайрат Шақпантаев.
Ал "Досжан темір жолының" төрағасы Өскемен мен Шар қаласы арасында темір жол төсеуге бөлінген қаржыны жымқырып, 111 млн теңгені "жоқ қылған". Ол жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.