Өскемен әкімі Daniel сауда үйі маңындағы жаяу жүргіншілер көпірін Қырым көпірімен салыстырды
Жақсылық Омар көпір құрылысының созылып кеткендігі үшін мердігерлерді айыптады
Спорт сарайы маңындағы көпір құрылысының әлі бітпей жатқандығы тағы да дауға айнала жаздады. Бұл мәселе Өскемен қалалық №15 орта мектепте өткен халықпен кездесуде тағы да көтерілді. Алайда Өскемен қалалық ТҮКШ, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Руфат Акрамов жаяу жүргіншілер көпірінің жақын арада аяқталатынын хабарлады.
- Құрылыс бітейін деп қалды. Жылдың соңына дейін көпірді салып бітіреміз, - дейді Руфат Акрамов.
Ал қала әкімі Жақсылық Омар болса, аталған құрылыс қарқынын жеке қадағалауында ұстап отырғанын жеткізді.
- Жұмыстың қалай жасалып жатқанын көру үшін күн сайын барып қараймын. Шынымен де, ұят! Көпірді тұрғызып жатқанымызға екі жылдай уақыт болды! Құдды Қырым көпірін салып жатқандаймыз, - дейді әкім.
Сөз соңында қала басшысы құрылыстың бір айдың ішінде салынып бітетіндігін жеткізді.