Өскеменнің жетінші сынып оқушысы кубик жинау клубын ашты
Балалар бұл клубта кубик Рубикті құрауды үйренбек
Өскемен қаласында химия мен биологияны тереңдетіп оқытатын Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында жетінші сынып оқушысы Тайыр Шакенов кубик Рубик клубын ашты.
Клубтың негізін қалаған оқушы бала күнінен бастап кубик Рубик құрауды үйренген екен, қазір оны көзді жұмып тұрып-ақ құрай алады. Жазда өткен Қазақстан чемпионатында ол үшінші орын алды. Көзді жұмып отырып, 2 минут 32 секундта жинап үлгерген.
- Тайырдың есте сақтау қабілеті жоғары, зейінді. Кубикті құрастыру алдында жаттап алған 20 алгоритмнің бірін қолдануы керек. Ал зейінді бала бұл алгоритмдерді емін-еркін жинастыра алады, - дейді дарынды оқушының әкесі Алмас Сүлейменов.
Тайырдың әкесі де кубик жинаумен айналысады. Ал қолы бос кезде шеберлік сыныбын өткізіп тұрады. Әкесінің кубикке деген қызығушылығы Тайырды да, ағасы Темірлан мен қарындасы Томиристі де қызықтырған.