Қандай отбасылар әлеуметтік көмек алуға құқылы
Табысы аз азаматтарға мемлекеттен қандай қолдау бар?
Жыл басынан бері әлеуметтік көмек көрсету мен "100 нақты қадам" Ұлт жоспарының 84-ші қадамын жүзеге асыру жүйесіне жаңа әлеуметтік мекенжай көмегі форматы енгізілген.
Әр отбасы мүшесіне шаққанда кірісі күн көріс минимумының 50 пайызынан төмен отбасылар мекенжай әлеуметтік көмегін ала алады. Өскемен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұсынған ақпараттарға сүйенсек, бұндағы жалғыз шарт – отбасының еңбекке жарамды мүшелері халықты жұмыспен қамту бағдарламасына қатысуы міндетті. Жаңа форматтағы мекенжай әлеуметтік көмегі екі түрді қарастырады: шартты және шартсыз ақшалай көмек.
- Шартсыз ақшалай көмек еңбекке жарамды мүшелері жоқ немесе белгілі бір себептерге байланысты ешкім жұмыс істей алмайтын отбасыларға ұсынылады, - деп атап өтті мекеме мамандары.
Ал шартты ақшалай көмек отбасында тым болмаса бір адам жұмыс істеуге қабілетті болып, сол адаммен әлеуметтік келісімшарт жасалып, мемлекет ұсынған жұмысқа орналасу шарттары аясында жүзеге асырылады.
- Егер бір адамға шаққанда айлық кіріс мөлшері кедейлік шегінен төмен болса, мемлекет ол ақшаны мекенжай әлеуметтік көмегі арқылы төлейді, - деп атап өтті мамандар. - Осылайша, жәрдемақы мөлшері әр адамға жекелей есептеледі.
Тиісті төлемақыны алу үшін азамат Өскемен қалалық жұмыспен қамту орталығына келесідей құжаттарды алып келуі керек:
1) Идентификация үшін жеке басты куәландыратын құжаттар;
2) жеке қосалқы шаруашылықты бар-жоғы туралы мәліметтер бекітілген формада;
3) банктегі есепшот нөмірі туралы ақпараттар;
4) балалардың туу туралы куәліктері (барлық балалар үшін) – ҚР аумағында 2007 жылдың 13 тамызына дейін жасалған тіркеу бойынша;
5) неке қию (бұзу) туралы куәлік (егер өтінім берушінің баланың туылуына байланысты мәліметтерінде сәйкессіздік туындаған жағдайда);
6) оқу орнынан бекітілген формадағы анықтама.
Отбасының еңбекке жарамды мүшелері қоса беруі керек:
1) жұмыс іздеуші азамат ретінде тіркеуге алу туралы өтінім;
2) еңбек қызметін растайтын құжаты (бар болса);
3) білім, біліктілік, арнайы білім немесе кәсіби дайындығы (бар болса) туралы құжаттар.
Ағымдағы жылдың жеті айында мемлекеттен мекенжай әлеуметтік көмегі 301 отбасына тағайындалды. Бұл отбасыларда 1233 адам бар. Төлем сомасы 35 млн теңгеден асады.
Ал елдегі күнкөріс минимумы 28284 теңгені құрайды. Ал кедейлік деңгейі 14142 теңге.
Анықтама үшін: Өскемен қалалық жұмыспен қамту орталығының мекенжайы: Тургенева, 30. 303-ші кеңсе. Телефон: 489026.