Сыныптағы бала санына әкімдік жауап береді
2011 жылғы бала туу қарқыны биыл өскемендіктер үшін сынып жетіспеушілігімен көрініс тапты
Мәселен, Өскемен қаласы әкімдігінің Ахмер орта мектебінде бір сыныпта 40-қа жуық бала оқып жатыр деген шағым түскен. Сөз жоқ, жағымды жаңалық, тек орын жетпегені ғана болмаса.
- Негізінде бір сыныпта 25 баладан артық болмау керек. Алайда қала мектептерінде оқушылар саны 30-ға дейін жетуге рұсат бар. Егер сыныпта бала саны көп болса, тағы да параллельді сыныптар ашылуы тиіс. Мұны мектеп директоры, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен жергілікті атқарушы орган бақылауда ұстауы керек,- дейді осы жайтқа байланысты ШҚО Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Ахметкаримова.
Яғни, білім басқармасы мектептегі бала санының асып кетуіне әкім жауап беретінін айтты.
- Биыл қызым 1-ші сыныпқа қабылданды. Қыркүйектің алдында барғанымызда сыныптағы бала саны 34 екенін естіп, шошып кеттім. 1 қыркүйектен кейін қосымша тағы бір сынып ашылыпты. Сонымен 1-сыныптардан алты сынып болды. Сыныпта бала саны тым көп болса, балалардың денсаулығына және зейініне зиян ғой, - дейді қаладағы мектептердің бірінде баласы оқитын Динара есімді ата-ана.
Сонымен қатар, басқарма басшылығының айтуынша, бала кез келген мектепте білімін жалғастыра алады. Яғни, мектеп директорының жаңадан келген баланы мектепке қабылдамауға құқығы жоқ.