Енді автобустарда кондукторлар болмайды
Өскемен қаласының қоғамдық автобустарына жолақыны электронды түрде қабылдайтын аппараттар келесі жылдың жазынан бастап орналастырыла бастамақ
Ал биыл қыркүйек айында мұндай аппараттарды сатып алу мен орналастыру бойынша жеке кәсіпкерлер арасында ашық тендер байқауы ойнатылады.
Электронды билет беретін аппараттар қаладағы автобустардың барлығына, әрбір есігіне орналастырылмақ.
- Жолақыны арнайы шығарылған карталармен де, еңбекақы, зейнетақы карталарымен де төлеуге болады. Яғни, кез келген электронды әмиянның төлем жасауға мүмкіндігі бар. Қарттар мен мүгедек жандарға, оқушыларға арнайы төлем карталары жасалып, тегін таратылады. Онда азаматтың аты-жөні жазылып, фотосуреттері қойылады. Ал жолақы бағасы сол күйінде қалуы тиіс, - дейді Жолаушы тасымалын басқару орталығының директоры Ернар Мұстафин.
Қала билігі билет беру жүйесін цифрландырып қана қоймай, қоғамдық көліктердің жүріс-тұрысын да ақпараттық бақылау жүйесіне айналдыруды көздеп отыр. Яғни, қоғамдық автобустардың барлығына оның қайда жүргенін көрсететін GPS-қондырғылар қойылып, қаланың картасы мен автобустардың қозғалысы көрсетілген мобильді қосымша құрастырылмақ. Ал қосымшаны жүктеп алған азаматтар автобустың қай жерде келе жатқанын нақты көріп, бақылап отыра алады.
Диспетчерлер болса, қай автобустың сынып қалғанын, кесте бойынша шықпай жатқанын қадағалап, резервте тұрған автобустарды жолға дайындайды.
Автобустарға төлем қабылдайтын аппараттар орнатыла бастаған кезде кондукторлардың орнына арнайы бақылаушы қызметкерлер жүріп, тұрғындарға қалай төлем жасау керектігін түсіндіреді. Халық аппаратпен төлем жасауды біртіндеп үйренген соң, автобуста бақылаушы да, кондукторлар да болмайды.