Аудандарға бейнекамералар орнатылады
"Өскемен қаласында бейнежазба жүйесін құру және пайдалану" жобасын іске асыру туралы мемлекеттік және жеке меншік серіктестік меморандумына қол қойылды
Енді шаһарда 4000 бейнекамера құқық бұзушылықтар орын алған жерлерде нақты орнатылатын болды. Сондай-ақ, бейнебақылау жүйесі қаланың 74 қиылысы мен қала көшелерінің 85 жолақшасын да қамтиды.
- Бұл - қаланың қауіпсіздік деңгейін арттыратын болады. Келесі жылдан бастап Семей қаласын бейнебақылау жүйесімен қамтитын боламыз. Сонымен қатар, Аягөз, Зырян, Риддер, Шемонаиха аудандарында да "Сергек" жүйесі іске қосылады, - деп мәлімдеді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
Қаланың қауіпсіздік деңгейін көтеруді, қоғамдық орындар мен көшедегі құқық бұзушылықтың алдын алуды көздейтін бұл жобаның жаңалығы көп. Камералар көліктің нөмірлік белгілерін, жылдамдық режімін, сонымен қатар, көлік иелерінің тоқтау белгісі мен автобус жолақтарын қиып өтуін жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Халық жиі баратын орындар, атап айтқанда, сауда-ойын-сауық орталықтары, театр, спорттық нысандар, музей және тағы басқа қоғамдық орындарға да орнатылады. Жобаға бюджеттен жалпы 6,9 млрд теңге бөлініп отыр.
- Бейнебақылау камералары тәулік бойы жұмыс істейді. Ереже бұзып, камераға түсіп қалған көлік иелерінің дерегі Ахуалдық орталыққа өңделу үшін жіберіледі. Бұған дейін жоба Астанада тестілік кезеңнен өтті. Біз бұл бастаманы жүзеге асыра отырып, "Smart City" технологиясын енгізу арқылы қала тұрғындары мен қонақтарының өмірін қауіпсіз етуді көздейміз, - дейді бейнекамераларды орнатушы "Көркем-Телеком" ЖШС-ның директоры Әсет Ахметов.