Өскемен мектептерін қауіпсіздікке тексерді
Облыс орталығының мектептерінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу бойынша бірқатар фактілер анықталған
Балалардың мектептегі қауіпсіздік жағдайларын арнайы комиссия тексеруде. Аталған комиссия құрамына ТЖ қызметкерлерінен бөлек, білім беру және басқа да сала мамандары кіреді, деп хабарлайды Устинка LIVE.
Өрт қауіпсіздігі мамандары бір апта ішінде қаладағы қырық мектепте болып, олардағы автоматты дабыл қаққыштар мен өрт сөндіргіштердің жай-күйін, эвакуация жолдарын және мектеп қызметкерлерінің өрт болған жағдайда балаларды құтқаруға дайындығын тексеріп шықты.
- Көптеген мектептер өрт қауіпсіздігі ережелері мен нормаларын өрескел бұзу фактілерінің көзін жойған. Білім бөлмінен бөлінген қаражат көздерін мектеп басшылықтары керекке жаратқан, - деді Өскемен қалалық ТЖБ басшысының міндетін атқарушы Дастан Ахметов.
Алайда, оның айтуынша, бірқатар мектепте әлі де ережені бұзу фактілері бар. Бірақ, олар қаржылық салымдарды талап етпейтін, жеңіл жөнге келтірілетін бұзылымдар. Мектеп әкімшіліктері жаңа оқу жылы басталғанға дейін кемшіліктердің көзін жоюды уәде етті.