ШҚО-да көмір бағасын көтерген алыпсатарларға шара қолданылмақ
Аймақ билігі көмір бағасын қолдан көтеріп, дүрлікпе туғызып отырған кәсіп иелерін жазаламақ
Облыстық энергетика және тұрғын үй шаруашылығы басқармасы мен Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті бірігіп, көмір сататын орындарды тексеріп, баға тұрақтылығын бақылмақ.
- Департамент мамандарымен біріге отырып, көмір бағасына талдау жүргіземіз. Қай ауданда көмір бағасы қымбат екені сонда анықталады. Егер қалыпты көмір бағасынан отынды қымбатқа сатқан саудагерлер болса, оларға шара қолданылатын болады, - дейді Облыстық энергетика және тұрғын үй шаруашылығы басқармасы басшысы Мұрат Мұсатаев.
Мұрат Хабдылжаппарұлының айтуынша, Өскемен мен Семей қаласына, облыстың өзге де өңірлеріне жіберіліп жатқан көмірдің көлемі жоспар бойынша әкелінуде. Көмір биыл жеткілікті. Былтырға қарағанда 1 млн тонна артық көмір әкелінетін болады.
Ал бағасы Өскемен қаласында 8800 теңге болса, Семейде 7400 теңге. Ал әлеуметтік бағамен сатылатын көмірдің бағасы 8350 теңге болып отыр.
- Тарбағатай мен Үржар ауданында темір жол болмағандықтан, көмір бағасы шарықтап отыр. Бұл шаруамен біз айналысатын боламыз, - дейді энергетика басшысы.