Өскеменнің әкімі айыппұл төлемейтін болды
ШҚО облыстық соты Қуат Тұмабаевтың шағымын қанағаттандырды
Еске сала кетейік, Риддердегі жол апатынан мерт болған жасөспірімнің ісіне куәгер болған Қуат Тұмабаев Бауыржан Құрманбаевтың көлігіне отырып, оқиға орнынан із суытқан болатын. Сот залында Қуат Тұмабаев жедел жәрдемге қуып жету үшін апат орнынан тастап шыққанын мәлім еткен еді. Алайда полиция қызметкерлері әкімге қатысты "міндетті сақтандыру полюсін" жасамай, бөтен көлікке отырды деп айып таққан еді.
- Қуат Тұмабаев көліктің сақтандыру полюсін жасамай рөлге отырған. Полицейлер осы деректі негізге ала отырып, «міндетті сақтандыру келісімшартын жасаудан жалтару» фактісі бойынша хаттама толтырған, - дейді облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Дамир Әбдіғалиев.
Алайда Өскемен қаласының басшысы полицейлердің бұл әкімшілік хаттамасын жоққа шығарып, сотқа қайта шағымданған. Ал бүгін облыстық сот судьялары Қуат Тұмабаевтың арызын қанағаттандырып, айыппұл салу жазасынан босатты.
- Заңға сәйкес, сақтандыру полюсін автокөлік иесінің өзі жасауы тиіс. Яғни, Бауыржан Құрманбаевтың өзі жасауы керек болатын. Ал Қуат Тұмабаев көліктің иесі емес, - деп түсіндірді сот шешімін облыстық соттың судьясы Назгүл Рахметуллина.