Өскемендік алаяқ көлік сатушылармен бөліп төлеуге келісіп, ақшаны бермей кеткен
Көлік сатушылардың сенімін жаулаған 23 жастағы жігіт екі жыл бойы алаяқтықпен айналысып келген
Көлікті ғаламтор жарнамаларынан тауып алып, көлік иелерімен келіскен алаяқ оның ақшасын бөліп төлеуге уағдаласқан. Алғашқы жарнасын берген соң, ұшты-күйлі жоғалып кетіп жүрген.
Екі жылдың ішінде алты көліктің иесін алдап кеткен. Ал ең бірінші көлігін Mitsubishi Diamant автомашинасын 2015 жылы сәуірде 4 мың АҚШ долларына "сатып алып", біраз уақыттан кейін жапон көлігін BMW көлігіне айырбастап жіберген. Содан кейін екі жылдай бой көрсетпей кеткен.
Кейін 2017 жылы қайта алаяқтыққа кірісіп, танысынан бір миллион теңге қарыз алып, 700 мың теңгелік BMW көлігін алмақ болған. Оның өзінде, неміс көлігінің иесіне 100 мың теңге ғана жарна беріп, тағы да "жоқ болып" кеткен.
Содан кейін ВАЗ-21099, Opel Vectra көліктерінің иесін де дәл осылай алдап кеткен. Ал 1,2 млн теңге тұратын Mercedes E-200 көлігін 45 мың теңгеге "сатып алып", бір айдан кейін "Приораны" алып алған. Ал алдап қалған көліктерді алаяқ жарты бағаға сатып, оңай олжа алған.
№2 Өскемен қалалық соты автокөлік алаяғын төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесті.