Кейбір аудандарда су тасқынынан зардап шеккен үйлер әлі жөнделмеген
Көктемгі су тасқынынан мыңнан астам үй бүлінген болатын, ал кейбір аудандарда үй жөндеу жұмыстары әлі басталмаған
Шемонаиха ауданының Верх-Уба ауылының тұрғындары тасқын су шайып кеткен үйлердің әлі жөнделмегенін айтып дабыл қағуда.
- Ауылда бірнеше үйді су шайып кеткен. Қазір іші дымқыл, қабырғалары құлағалы тұр. Ал жергілікті әкімдік қаржы бөлінген соң ғана үйлер жөнделеді деп уәде беруден шаршамайды. Қаржыны өзімізге берсе болар еді ғой. Үйді өзіміз жөндеп аламыз, - дейді ауыл тұрғыны Наталья.
Верх-Уба ауылында 41 үйді су алған еді. Оның бесеуі тұруға келмейді, қирағалы тұр. Ауыл әкімі Валерия Фещенконың айтуынша, дүрлігудің еш себебі жоқ. Өйткені қаржының бір бөлігі ендігі ғана түскен. Осы аптаның аяғынан бастап үйлер жөнделе бастайды.
- Он миллион теңге бөлінді. Шілде айының соңына дейін 10 үйді жөндеп бітеміз. Қаржының ендігі бір бөлігі тамыз айында аударылады. Қалған үйлерді қыркүйек айының аяғына дейін жөндейміз. Қысқа дейін үйлердің барлығы дайын болады, - дейді әкім.
Ал үйлері тұруға жарамайтын жандарға баспана біраз кешіктіріліп беріледі. Өйткені құжаттар жай тапсырылған. Үйлерді сатып алуға "Парыз" қорынан қаржы бөлінеді.