ШҚО шенеуніктері дәмханада төбелескен
Оқиға Наурыз мерекесі кезінде болған, ол тек енді ғана белгілі болып отыр
Курчатов қаласы әкімдігінің бөлім басшысының басы дауға қалды. Ол Наурыз мерекесі кезінде дәмханада қала тұрғынымен шекісіп қалып, көңіл көтеру орнында отырған басқа адамдармен де төбелесіп, шу шығарған. Тіпті, бір тұрғынның көлігін де сындырған. Мемлекеттік қызметкердің абыройы ел алдында айрандай төгілгені тағы бар.
Соған қарамастан, бөлім басшысы өз кінәсін мойындамай отыр. Айтуынша, ол ішімдік ішпеген әрі төбелесіп жатқандарды ажырату үшін жұдырыққа барған.
- Не болып жатқанын білгім келді. Барлығы сабырға келген соң, жан-жаққа, үйге тарауын өтіндім. Маған ішімдік ішетін жерлерге бармау керек. Бұл маған сабақ болды, - деді шенеунік Әдеп жөніндегі кеңес отырысында.
Алайда кеңес мүшелері шенеуніктің бұл сөзіне сене қоймады.
- Курчатов – кішкентай қала, 115 мемлекеттік қызметкері ғана бар. Барлығы бір-бірін таниды. Ал мұнда шенеуніктер тұрғындармен төбелесіп жүр! Биліктің абыройын төгумен бірдей! - дейді Кеңес төрайымы Жанна Қабдолдақызы.
Әдеп жөніндегі кеңес Курчатов әкіміне бөлім басшысына қатаң сөгіс жариялау туралы ұсыныс берді.