Алакөл Түркияның демалыс аймағынан кем болмайды
Аймақ басшысының өңір дамуына елеулі үлес қосады деп болжанған жоспары туристік саланың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай туғызуда
Арада 2 ай өтті, аталған бағытта не атқарылды, болашақта қолға алынар шаруалар анықталды ма деген сауалдарға жауап іздеген Даниал Ахметов жаз айларында қазақстандықтардың демалыс орталығына айналған Алакөл демалыс кешеніне жұмыс сапарымен барып қайтты.
Былтырғыдан қарағанда Алакөлдің өңі кіріп, ажары ашыла түскендей. Өзгерістер облыс әкімі Даниал Ахметовтің мамырдағы жұмыс сапарынан кейін енгені белгілі. Отандық туризмнің даму көрсеткіштері бойынша Алакөлде қолға алынған жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Соңғы 3 жыл ішінде бұл салада ілгерілеу бар. Аймақта туристік қызмет көрсету көлемі екі есеге өскен. Тынығуға, орталықта шығармашылық және би кештерін өткізуге арналған үш өлшемді шатыр конструкциялары орнатылған. Енді бір ғана Алакөлге келетін туристер саны 1 миллионға жетпекші.
- Мына көлдің жағасын көріп, қуанып, мақтанып жатырмыз. Сізді ел Елбасының ең сенімді серігі ретінде біледі. "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" дейді халқымыз. Сізге үлкен рахмет айтамыз, - деп немерелерімен көл жағасында демалып жүрген Қабанбай ауылының тұрғыны.
Алакөл көлінің жағалауында демалушылар қатарының жыл сайын артуына байланысты, 2018 жылы Алакөлге (Жалаңашкөл ст.) маусымдық теміржол қатынасы ашылған болатын. Билет құны 2800 теңге. Ал туристерді Алакөл көлінің жағалауына қолайлы жеткізу үшін Үржар қаласында Алматы, Астана, Өскемен мен Семейден әуе рейсі қолданысқа берілді.
- Тасжолдың жөнделуін 10 жыл күттіңіздер, енді 3 жыл күтесіздер. 3 жылдың ішінде жол жұмысы толықтай бітеді. Сонымен қатар, Жалаңашкөл-Қабанбай бағытындағы жолды жөндеу жұмысы да қызу. Жол құрылысы 2 айдың ішінде бітеді деп жоспарлануда, - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
Жалпы, биыл Алакөлдің жағалауына жүргізілген реконструкция нәтижесінде демалыс аймағы адам танымастай болып өзгерді. Бұл жұмыстар әлі де болса жалғасуда және ол үшін 3 жылда жергілікті бюджеттен 5 миллиардқа жуық қаржы бөлінген. Қазіргі таңда жағажай күрделі жөндеуден өтіп, жаңа автовокзал өз жұмысын бастады. Сондай-ақ, туристердің автокөліктері үшін тұрақ салынып, көшелер мен жағажайды жарықтандыру жұмысы жүргізілді. Бұдан бөлек, Алакөл жағасында жаңа саябақ та салынған. Мұнда қазір көгалдандыру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
- Даниал Кенжетайұлы, демалыс кешені қатты өзгерген. Барлығы керемет. Жақсы бір демалыс болып жатыр, - деп ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова Алакөлдегі еңбек демалысында алған әсерімен бөлісті.
Қазіргі таңда ШҚО ішкі туризмнің даму көрсеткіші бойынша республикада Астанадан кейінгі екінші орынды алады. Ал Алакөлдегі маусымдық шомылуға қонақ үйлер мен демалыс орындарына келген туристер саны 15 мың адамды құраған. Ал ресми дерек бойынша, 9200 орынның 5685-і бос емес. Дегенмен, қонақ үйлерге соқпай, тек табиғатты тамашалап кететін саяхатшылардың саны күрт артып отыр. Биылдан бастап демалушыларға күннен көлегелейтін шатырлар мен жайлы орындар жалға берілетін болды. Бұрын-соңды болмаған тротуарлар салынып, балаларға арналған спорт алаңдары мен ойын аттракциондары ашылған. Алакөлдің орталығындағы арбатта сауда павильондары тұрғызылған.
- Мен Алматы қаласының тұрғынымын. Алайда Алматы облысы жақтағы Алакөл демалыс кешеніне емес, бірден елдің Шығыс жағындағы кешенге отбасыммен бірге демалысқа тарттық. Мұнда барлығы ұнап жатыр, - деді алматылық мейман Жалғас Қадір.
Айта кету керек, жаз мезгілі – жегілікті халықтың нағыз қауырт жұмыс істейтін шағы. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін көл жағалауында жүріп, туристерге түрлі қызметтерін ұсынады. Бірі – көптеген ауруларға ем болатын қара балшық пен ақ сазды сатса, енді бірі – демалушыларды көл бетінде моторлы қайықпен саяхаттатып нәпақасын табады.