Өскемен мен Семей қалаларындағы жатақханаларда бөтен біреулер тұрып жатыр
Билік өкілдері Өскемен мен Семей қалаларындағы жатақханаларды тексеріп, өрескел заңбұзушылықтарды тапқан
Мониторинг тобы Өскемен қаласындағы Политехникалық колледж бен С.Аманжолов атындағы ШҚМУ жатақханаларын және Семейдегі "Қайнар" колледжі мен Құрылыс, сәулет колледжінің жатақханаларын тексерген.
- Мәселен, Политехникалық колледж жатақханасында студенттер емес, бөтен белгісіз азаматтар тұрып жатыр. Есесіне, "Қайнар" және Геодизия, картография колледжінің жатақханасы таза, тұруға жайлы әрі тек студенттер ғана тұрып жатыр, - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаменті.
Транспорт колледжінен де кемшіліктер табылмады: ғимараты таза, іші жөнделген, жиһаздар қойылған.
Ал құрылыс колледжінің заңсыз әрекеттері көп болып шықты. Колледж жатақханасы лас, кір болғанына қарамай, ғимараттың бесінші қабатында 33 жанұя пәтер жалдап тұрып жатыр екен. Айына 20 мың теңге пәтерақы төлейтін көрінеді.
Комиссия енді бұл заңбұзушылықтардың орнын толтыру үшін шаралар қолданбақ.