"Нұрлы жер" бағдарламасына тіркелмей, жер ала алмайтын болды
Облыста 29 мыңнан аса адам жер учаскесін алу үшін кезекте тұр. Ал Семей және Өскемен қаласында жер учаскесін алуға кезекте тұрған жандар енді "Нұрлы жер" бағдарламасына тіркелмей, жер ала алмайтын болды
Мұны облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Виктория Барсукова айтып отыр. Алдыңғы жылдан бастап елдің Жер кодексіне инженерлі коммуникациялар салынған аумақтан ғана жер телімдерін беру туралы норма енгізілген болатын. Ал былтырғы жылдан бастап үкіметтің өзі шағын аудандарға су мен жарық тарта отырып, бұл аумақтарға жер үйлерді де қоса салып беруді қолға ала бастаған еді. Бұл бастама "Нұрлы жер" бағдарламасы деген атау алды. Бағдарлама бойынша жер учаскесін алуға кезекте тұрған азаматтарға Тұрғын үй жинақ банкіне қаржы құйып, үкімет салып берген жер үйлерден сатып алуға кеңес беріледі. Жинақ есепшотына 2 млн теңге жинаған азамат жобаланған үйлердің бірін сатып ала отырып, қалған қаржыны аз пайыздық мөлшерлемемен қайтаруы тиіс болатын.
Қазіргі уақытта Өскемен мен Семей қалаларының қай аудандарында жер үйлердің салынатындығы, оны қай мердігер компанияның тұрғызатындығы - бәрі белгілі.
- Алайда мемлекеттік мамандар кезекте тұрған азаматтарға хабарласып, шақырып, "Нұрлы жер" бағдарламасының шарттарын түсіндіріп, қанша кеңес берсе де, неге екені белгісіз, тұрғындардың көбі бұл бағдарламаға қатысудан бас тартып отыр. Жер үйлерін өздері салғысы келетіндер көп көрінеді. Бір сәулет құрылысымен салынатын бұл жер үйлер келесі жылдан бастап тұрғызыла бастауы керек болатын. Бірақ бағдарламаға қатысқысы келетіндердің аз болуына байланысты ол жүзеге асырылмай жатыр. Сондықтан Өскемен және Семей қаласының кезекте тұрған азаматтарына "Нұрлы жер" бағдарламасына қатыспай, жер телімдерін бермеу туралы шешім шығарылып отыр, - дейді Виктория Барсукова.
Кезекте тұрған 29 мың азаматтың 24 мыңнан астамы Семей қаласында тіркелген. Ал төрт мыңға жуығы Өскемен қаласында кезекте тұр. Ендігі кезекте жер телімін алғысы келген қала тұрғындары "Нұрлы жер" бағдарламасына қатысып қана жер учаскелерін ала алады. Жер телімдері азаматтарға тегін беріледі, ал салынған үйді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы сатып алуы тиіс.