Мемлекеттік қызметкерлер қайырымдылық марафонына қатысты
Жыл сайынғы "Мемлекеттік қызметкерлер күнін" атап өту қарсаңында сенбі күні Өскеменде "Алға басу-движение вперед" атты қайырымдылық марафоны өтті
Шараға 700-ге жуықмемлекеттік қызметкер қатысты. Қайырымдылық жүгірісінің ашылу салтанатында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова барша қатысушыға сәттілік тіледі.
- Бүгінгі қайырымдылық марафоны қаншама мемлекеттік қызметкердің басын қосып отыр. Өздерін басқа қырынан танытып, жақсы нәтиже көрсетемін деушілерге күн райы да қолайлы болып отыр. Бір кісідей жиналып келгендеріңізге үлкен алғысымды айтамын, - деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Бекқызы.
Айта кетейік, қайырымдылық шарасы бұл күні еліміздің барлық өңірінде өткізілді. Жұмысбасты жандар салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты жаппай дамыту мақсатымен жарыс жолына жиналды. Бір ерекшелігі, марафоннан түскен қаржы «Балаларға өмір сыйла» жобасы бойынша қайырымдылық қорына табысталмақ.
Ең алдымен спорттық шараның бас төрешісі Александр Кругликов қатысушыларға ережені түсіндіріп өтті. Одан кейін футзалдан еліміздің спорт шебері Ирина Салкина жалпылама қыздырыну жаттығуын жүргізді. Осыдан кейін барлық қатысушы сап түзеп, жарыс жолына беттеді. Жүлдеден үміттілері топ алдына шығып, бірден жылдам қарқынмен қатардан суырылып шықты.
- Бүкіл республика бойынша қайырымдылық марафоны ұйымдастырылды. Мемлекеттік қызметкерлер жинаған қаржы балаларға арналған Аружан Сайынның қорына аударылатын болады. Шамамен, 800 мың теңгеге жуық ақша жиналды. Мемлекеттік қызметкерлер қорға қаржы аудара отырып, марафонға қатысты, - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі ШҚО бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Ренат Нәбиев.
Айта кетейік, ерлер үшін жүгіріс жолы 3 шақырым, ал әйелдер үшін 2,5 шақырымды құрады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бәріне бірдей жүгіріп шығу міндетті болып саналмайды. Себебі қайырымдылық жүгірісі болғандықтан жалпылама атсалысулары маңызды.
Следующая →