Согра тұрғындары жарықсыз, ыстық сусыз қалуы мүмкін
Мамыр айының ортасында-ақ Согра ЖЭО кәсіпорынның тоқтайтындығын айтқан болатын
Согра жылу электр орталығы ыстық су мен жылу өндіре отырып, оны "Шығысэнерготрейд" ЖШС-не электр қуатын сатумен айналысады. Кәсіпорынның басты табысы да электр қуатынан келеді. Алайда жылу берушілердің айтуынша, "Шығысэнерготрейд" кәсіпорнына электр қуатын өте аз бағаға сатуда. Соның кесірінен согралық кәсіпорын шығынға батып отыр.
Ал шығынды өтеу үшін энергетиктерге қызмет ақысын өсіру туралы ұсыныс айтқан. Алайда "Шығысэнерготрейд" қымбат бағаға электр энергиясын сатып алудан бас тартқан көрінеді.
Мәселеге ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің ШҚО бойынша департаменті мен ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасы араласып, екі кәсіпорынды келістіруге тырысқан.
- Келісімнің арқасында біз "Шығысэнерготрейд" ЖШС-не жаңа тариф бойынша электр энергиясын тасымалдайтын болдық. Кәсіпорын штаттық деңгейде жұмыс жасауда, - дейді "Согра ЖЭО" ЖШС бас директоры Анатолий Герасименко.
Бұл келісімшарт осы жылдың аяғына дейін жасалған. Ал келесі жылы не болары белгісіз...