ШҚО әкімі ресейліктерді Өскеменге келіп емделуге шақырды
Өскеменде РФ Төтенше жағдайлар және Өкілетті елшісі мен аймақ басшысының кездесуі өтті
Ресей елшісі Алексей Бородавкинмен болған кездесуде аймақ басшысы серіктестікті нығайту жолдарына тоқталды.
Аймақ басшысы Шығыс Қазақстан мен Ресейдің арасындағы биылғы сауда айналымы жарты миллиард АҚШ долларын құрағанын тілге тиек етті. Биыл облыс көрші елге шикізат қана жеткізіп қоймай, жоғары технологиямен жасалған өнімдерді де тасымалдай бастаған. Ал былтыр сауда айналысымы 400 млн АҚШ доллары ғана болған.
Қос мемлекеттің білім саласындағы ынтымақтастығы да нығаймақ.
- Аймақтық жоғары оқу орындарының бірінде атом технологиясы кафедрасын ашуды жоспарлап отырмыз. Оған Ресейден оқытушылар шақыратын боламыз, - деді Даниал Ахметов кездесу барысында.
Одан бөлек, Даниал Ахметов ресейліктерді Өскеменге келіп емделуге шақырды.
- Қазақстанда бірінші болып, Мәскеуден кейін роботтандырылған хирургия орталығын аштық. Ресейдің Сібір жақ бөлігінде мұндай орталықтар жоқ. Ресейдің шекаралас аймақтарында қоныс тепкен көрші елдің азаматтары Өскеменге келіп ем-дом қабылдайды деп ойлаймыз. Осыған дейін 157 ота жасалды. Мамандарымыз Ұлыбританияда кәсіби дайындықтан өтуде, - дейді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, өңір басшысы жақын арада инсульт орталығы мен трансплантология орталығының ашылатындығын да тілге тиек етті.