ШҚО-да сиыршыны найзағай ұрды
Термиялық күйік шалған бақташы аудандық ауруханаға түсті
Оқиға бүгін Бородулиха ауданының Зенковка ауылына жақын маңда болған. Ал 48 жастағы бақташы сиыр бағып жүрген.
- Күн бұзылып, найзағай тұрған. Найзағайдың ұшқыны бақташыға келіп тиген. Мойыны мен сол аяғы күйген сиыршының өлімнен аман қалғанына таңқалмаса болмайды. Қазір аудандық аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр, - дейді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Төтенше жағдайлар департаменті найзағайдың құрбаны болмау үшін бақташылар мен шопандарға күн бұзылған сәтте найзағайдың кеткенін күткен жөн дейді. Ал ең бастысы жылқыны мінген күйі найзағайдың астында жүруге болмайды.
- Аттан түсіп, оны жетектеп алған жөн. Жалғыз тұрған ағаштың жанына барып жасырынуға тырыспаңыз. Өйткені найзағай жапан далада жалғыз тұрғын биік нәрселерге көп түседі. Әсіресе, емен, қарағай, шырша мен теректің жанында тұрған қауіпті, - дейді ТЖД.