Спорт алаңын дұрыс салмағаны үшін Риддердің шенеунігіне айыппұл салынды
Риддер қаласының ТҮКШ, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына 240 500 теңге айыппұл салынды
Ал моноқаланың тұрғындары болса, спорт алаңының сапасыз салынғанын айтып ҚР Қаржы министрлігіне шағымданған. Ал министрлік болса, үлкен тексеріс жүргізіп, мұны салуға тапсырыс берген мекеменің басшысына айыппұл салып, спорт алаңын қайтадан тұрғызуға міндеттеді.
- Былтыр Риддер қаласының Островской көшесінің ауласына бірнеше миллион теңгеге спорт алаңы салынды. Содан бері бір жылдай уақыт өтті. Ал спорт алаңындағы турник, брусья, баспалдақтар қирап, бірінен соң бірі сынып жатыр. Спорт алаңына барудың өзі қауіпті. Алаңның нашар салынғанына қарағанда, шенеунік пен мердігердің арасында жемқорлық жағдайы болғанға ұқсайды. Ал спорт алаңының салынуына жауапты болған лауазымды тұлға – Риддер қаласы әкімінің орынбасары. Ол қазір ішімдік ішіп, жасөспірімді қағып қаза қылғаны үшін ұсталып отыр, - делінген Риддер қаласының Александр есімді тұрғынының ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне жазған ресми хатында.
Расында, мердігердің жасаған жұмысын шенеуніктер қабылдап алуы керек. Оған жауапты тұлға, оның сапасына да жауапты. Алайда министрлік әкімнің орынбасарын емес, ТҮКШ бөлімінің басшысын айыпты деп тапты. Оған мемлекеттік сатып алу заңын бұзғаны үшін 100 айлық есептік көрсеткіш есебінде 240 мың теңге айыппұл салынды.
- Одан бөлек, мердігер компания 3,1 млн теңгеге тең жұмыс жоспарын орындамаған болып шықты, - делінген ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Аниятулла Сарсенованың ресми жауабында.