Өскеменде өрт ережесін білетіндер марапатталды
Акция "Император" сауда үйінде Кемерово құрбандарын еске алу мақсатында өтті
"Император" сауда үйіне күн сайын 3000-нан аса адам келіп-кетеді. Бұл Өскемен қаласындағы ең ірі сауда, ойын сауық орталығы болғандықтан, акцияны өткізу үшін де осы сауда орталығы таңдалынып алынған.
Құтқарушылар сауда орталығына келушілерге өрт қауіпсіздігі тақырыбында сұрақтар қойып, дұрыс жауап берген тұрғындарға сыйлық берілді.
- Тұрғындардың да, сауда орталықтарының да өрт қауіпсіздігі ережелеріне мән бергенін қалаймыз. Акцияны сол үшін ұйымдастырып отырмыз, - дейді Өскемен қалалық ТЖБ.
Сауда кешеніне келген жандардың көбі викториналық сұрақ-жауапқа белсене қатысып, "эвакуациялық шығу деген не?", "өрт сөндіргішті қалай қолдану керек?", "өрт болған жағдайда, қайда хабарласу керек?", "тұтанған үй-жайдан қалай шығу керек?" сынды сауалдарға жауап берді.
- Тұрғындардың жауап берген сұрақтарына қарай отырып, алдын алу шараларды қай жағынан бастау керектігін аңғарамыз, - дейді мекеменің баспасөз хатшысы Марина Лискова.