ШҚО құтқарушылары үш ауданда су тасқынымен күрес жүргізуде
Бұл жолы Семей қаласы көп шығынға ұшырады. Ал Зырян мен Шемонаиха аудандарында жағдай қиын
Су тасқынымен күресуге барлығы 1000 шақты адам жұмылдырылған. Шығыстағы әріптестеріне көмектесу үшін Алматы қаласынан, Алматы мен Павлодар облысынан, Оңтүстік Қазақстан облысынан құтқарушылар келді.
Барлығы 263 үйдің ауласындағы су сорып алынған.
- Басты күш Семейге жұмылдырылуда. Мұнда 246 үйдің ауласы сорғытылды. Зырян ауданы,Тұрғысын ауылындағы 11 үй мен Шемонаихадағы Рулиха ауылындағы 4 үйдің, Катонқарағайдағы Барлық ауылындағы екі үйдің ауласы қалыпқа келтірілді. Зырянда 400 адам көшірілді. Мұнда бес ауылды су басса, Зырян қаласының өзінде 105 үйді су алды. 200 адам көшірілді, - дейді ШҚО ТЖД.
Ал Көкпекті ауданындағы үш су қоймасы асып төгілудің аз алдында тұр. Ал Самар ауылы маңындағы су қоймасы бөгелді. Сонда да тұрғындар сақтық жасап, қауіпсіз жаққа кеткен.