Өскеменде күзетшілер тексеріледі
Қала әкімі Төтенше жағдайлар басқармасы мен прокуратура өкілдері бас қосқан жиында күзетшілерді, жекеменшік күзет фирмаларының қызметкерлері тексеруді тапсырды
Өскемен қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, әкім өз сөзін көрші елдің Кемерово қаласында болған қайғылы оқиғаға ортақ екендігін жеткізе отырып, мұндай оқиғаның алдын алу бойынша шаралар жасау қажеттігін ескертті.
- Бұл қайғылы оқиға көпке ой салады. Қала тұрғындары әлеуметтік желі арқылы хат жолдап, сауда орындары мен өзге нысандардың өрт қауіпсіздігін қаншалықты сақтағандығын тексеру жөнінде өтініш білдіріп жатыр, - дейді Қуат Тұмабаев.
Қала прокуратурасы бұл ойды қолдап, сауда орындарын тексеру қажеттігін айтты.
- Өрт қауіптілігі жоғары ғимараттарды тексеру қажет. Заң бойынша, кәсіпкерлік нысандарды ескертпей, тағы да тексеруге болмайды. Сондықтан мұндай тексерулер кеңес беру сипатында болуы керек, - дейді Өскемен прокуратурасының аға прокуроры Динара Маужігітов.