Болашақта атақты боксшы болуды армандайды
"Алдаспан" газетінде "Шығыс дарыны" айдары облыс мектептеріндегі дарынды, зерек оқушыларды көпшілікке танытып, олар жайлы жазуды жалғастыруда
Бүгінгі кейіпкеріміз №45 орта мектептің 6-сынып оқушысы - Дарын Нұржан. Ол былтыр бокстан Моңғолияда өткен халықаралық жарыста Қазақстанның намысын қорғап, 1-орынды қанжығасына байлап қайтты. Шетел асып, еліміздің байрағын көкке көтеріп жүрген Дарын спортты жанына серік еткен.
- Баламызды қандай да бір спорт үйірмесіне бергіміз келді, - дейді Дарынның анасы Нұргүл Бибосынова. - Негізінде, 1-сыныптан бастап домбыра үйірмесіне барып жүр. Артынан сұрастыра келе, №45 орта мектепте бокс үйірмесі бар екенін білдік. Арнайы барып көрдік. Спорт залы кең, арнайы жабдықталған екен. Жағдай жақсы жасалғандығына көзіміз жетті. Дарынды 3-сыныптан бастап осы бокс үйірмесіне бердік.
Жас спортшы басында бұл үйірмеге аса ыждаһаттылық таныта қоймаған көрінеді. Баласының мықты азамат болып ер жеткенін қалаған Руслан Бибосынов оның үйірмеге тиянақты барып тұруын үнемі қадағалап отырған. Ана жүрегі бауыр еті - баласының осындай қауіпті спорт түрімен айналысуына іштей қорқа қараған. Бастапқы жарыстарда жеңіліс дәмін татқан Дарын жігерін қайрап, өз-өзін шыңдай түскен. Содан бері әр жарыста үздіктердің қатарынан қалмай келеді.
- Дарынның сабақ үлгерімі жақсы, - дейді сынып жетекшісі Динара Дәулетжарқызы. - Өте белсенді, ақылды, жан-жақты, мінезі ашық. Үнемі жаңалыққа талпынып отырады. Жарыстарға көп қатысса да, сабақ үлгеріміне еш кедергі келтірмейді.
Жас спортшының боксқа деген құлшынысының ашылуына аға буын боксшылардың жетістіктері түрткі болса керек.
- Дарынды қалалық, облыстық, республикалық жарыстарға апарып жүрмін, - дейді Дарынның жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, облыстық олимпиадаға даярлық орталығының жаттықтырушысы Бауырбек Калекұлы. - Былтыр "Старт" олимпиадасына қатысты. Айта кету керек, бұл жарыс 1980 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Моңғолиядағы жарыста Дарын 34 келі салмақта 1-орын иегері атанды. Келешекте жақсы спортшы шығаруға өз үлесімізді барынша қосып жатырмыз. Жалпы, талпынысы мен аяқ алысы жаман емес. Қазірдің өзінде 5-6 жарыста жүлдегер, чемпион атанып үлгерді. Осы үш жыл ішінде салмақ тастап, спорттық формаға келді.
Бауырбек Калекұлының сөзіне сүйенсек, 2005 жылдан бері спортшыларды даярлап келе жатқан залда 200-ге жуық бала шұғылданады. Айта кету керек, залды 2011 жылы "Самұрық-Қазына" қоры жабдықтап, Дариға Назарбаева салтанатты түрде ашқан. Жалпы, Шығыстағы айтулы жарыстар өткізілетін залда қазіргі еліміздің ұлттық құрамасындағы сегіз спортшы жаттығып, түлеп ұшқан. Олар бүгінгі таңда ел намысын қорғап жүрген белді спортшылар қатарында.