ШҚО құтқарушылары үй иелерін айыптап отыр
ТЖД қызметкерлерінің айтуынша, тұрғындар олардың жұмыс жасауына көп кедергі келтіреді
Глубокое ауданында төтенше жағдай жарияланды. Құтқарушылар үй мен аулаға, көшеге еніп кеткен суды сорып, арықтарды тазалап жатыр.
- Кейбір тұрғындар қолына күрек пен лом алып, өз үйін судан құтқару үшін әрекет етудің орнына құтқарушыларға тіл тигізіп, олардың жұмыс жасауына кедергі келтіреді, - дейді мекеменің баспасөз қызметі.
Құтқарушылар да тұрғындардан көмек сұрап, аулаларын мұз бен қардан тазалап, мөшекке құм, саз, тас салып, бау-бақшасын бекітуді өтініп отыр.
- Тұрғындар арық пен каналдың қай жерде орналасқанын да білмейді. Өрт сөндірушілер басқа жақта құтқару жұмыстарын жасап жатса да, олардан тезірек келуін талап етеді, - дейді ШҚО ТЖД.