Аягөздіктердің алғашқы легі баспана кілтін алды
ШҚО әкімі Даниал Ахметов ауданға арнайы келіп, алынған үйлерді аралап, жеке өзі тексеріп шықты
Халықтың қуанышына ортақтасқан аймақ басшысы тартуын да жасап, әр шаңыраққа теледидардан табыс етті.
Естеріңізге сала кетсек, 11 наурыз күні Аягөз қаласында кіші өзен суы арнасынан асып, нәтижесінде 189 үй зардап шеккен еді. Сегізі қирап, жалпы саны 32 үй бүгінде мүлде тұруға жарамсыз деп танылды. Облыс әкімі Даниал Ахметов тапсырмасы бойынша бір апта ішінде 49 млн 500 теңгеге 12 үй сатылып алынып, құжаттары ресімделді.
- Мен келгенде 8 үй құлап жатқан. Тағы 10 шақты үй бұзылып тұрған болатын. Қазір олар да қирап қалды. Комиссия жұмысының қорытындысы 40 шақты пәтерді апатты жағдайда деп танып отыр. Ол үйлердің иелеріне де қаражат бөліп, баспана береміз, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Айта кету керек, ауданға бүгінде 34 млн 255 мың теңгеге гуманитарлық көмек көрсетілді. Сонау Атырау, Алматы, Павлодар облыстарынан да азық-түлікпен қатар, құрылыс материалдары жеткізілді. Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстанның "Парыз" қорынан жолданған 100 млн теңгені қосқанда "Аягөз Болашақ" ҚҚ 169 млн теңге түсті. Даниал Ахметов жиналған бар қаражат пен гуманитарлық қорды қоғам белсенділерінің қатаң бақылауымен тек мақсатты іске жұмсауды тапсырды. Өз кезегінде аягөздіктер аз уақыт ішінде атқарылған жұмысқа, әсіресе күллі Қазақстан халқының ауызбіршілігіне ризашылығын білдірді.
- Сіз, табиғат апаты басталғаннан бері екінші рет келіп тұрсыз. Бір апта ішінде талай шаруа тындырылды. Халық та куә. Апатқа ұшырағандардың көңіл-күйі жақсы. Бәріміз жылап жүр едік, қазір күліп жүрміз. Жан-жақтан азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары келіп жатыр. Мың да бір рахмет! Мұның бәрі Елбасы бастаған бірліктің жемісі. Сізге Аягөз тұрғындарының атынан өтінішіміз бар. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа өзіміздің ризашылығымызды, рахметімізді жеткізсеңіз, - деп Аягөз қаласының тұрғыны Меруерт Дауытбаева тілегін жолдады.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов Аягөз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріліп, алдағы таңда инфрақұрылымын жаңарту жұмысы аяқталып, су мәселесі түбегейлі шешілетінін жеткізді.
Следующая →