Бірыңғай түбіртек арқылы төлемақы жасаудың тиімділігі айтылды
Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналды шаруашылық басқармасы бірыңғай төлем орталығын құру жұмыстарына қызу кірісіп кеткен
Алайда облыстық қоғамдық кеңес мүшелері мұндай жүйені енгізер алдында неге халықтың ойын тыңдап алмайды дегенді айтады. Мәселен, облыстық мәлихат депутаты Олег Чернышов бірыңғай төлем орталығының іске қосылғалы жатқанын Шығысэнерготрейд, Өскемен Жылу жүйелері, Өскемен Водоканал сынды коммуналды қызмет түрлерін тасымалдаушы компаниялардың хабарсыз екендігін айтады. Оның үстіне, бірыңғай төлем орталығын құрушы компания қаржылық аударымдардың қалай жүзеге асатынын нақты түсіндіріп бермеген әрі орталықтың қалай құрылатындығы да белгісіз. Алайда мұндай орталықтың қала тұрғындарына тигізері пайдасы қандай?
- Бұл – әлеуметтік жоба. Төлемақыларды ғаламтор арқылы комиссиясыз төлеуге болады, алайда оның көпшілігін тұрғындар білмейді. Көбі банкке келіп төлеп, бірнеше түбіртек үшін артық комиссия төлейді, - дейді энергетика басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Оралбеков. - Ал бірыңғай төлем орталығында бір ғана түбірек алып, оған 100 теңге төлеуге болады. Зейнеткер қариялар 50 теңге төлейді.
Энергетика басқармасы коммуналды қызметті тасымалдаумен айналысатын компаниялар мұндай орталықтың құрылуына қарсы болуының бір себебі бар дегенді айтады.
- Тасымалдаушылар әрбір түбіртектен пайда табады. Ал орталық іске қосылса, олар табыстарынан қағылады, - дейді Қайрат Оралбеков.
Бұл коммуналды қызмет түрін көрсетуші компанияларға да тиімді. Өйткені олар бұл орталық арқылы қарыздары мен берешектерін қайтаратын болады. Яғни, тұрғын бір төлегенде, бірнеше коммуналды қызметке бірден төлем жасайды. Егер бір қызметке төлем жасалмаса, онда басқасына да төлем қабылданбайды. Бұл берешекті азайтуға көмектеседі.
Мәселен, Астана мен Алматы қаласында дәл осындай жүйе енгізілген соң, берешек 40 пайызға дейін қысқарған.