Бабадан қалған өнерді жаңғырту керек
Әліби Рамазанов - дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 10-сынып оқушысы
Ол мектептің озат оқушысы әрі оқу орнының мақтанышы. Әліби Есболұлы жақында ғана Алматы қаласында өткен республикалық ғылыми жобалар сайысына барып келді. Оқушының жетекшілері - Жанар Заманбековна мен Төлеубек Кеңесұлы.
- Мен ғылыми жобалар сайысында саз балшық өнері тақырыбында жоба қорғадым, - дейді Әліби Рамазанов. - Ғылыми жобаға дайындалу барысында жалпы саз балшық өнерінің тарихы, саз балшықпен бұйым жасаудағы әдіс-тәсілдер, оның ерекшеліктерін жіті зерттеп, өзім саз балшықпен көптеген бұйымдар жасадым. Жалпы, ғылыми жобамның басты мақсаты - саз балшық өнерін дамыту, жаңа дүние ойлап табу емес, ата-бабадан қалған әдістерді қайта жаңғырту, одан сайын дамыта түсу.
Әлібидің айтуынша, ХVIII ғасырдың бірінші жартысында қазақ халқы Ресей елінің отарына айнала бастаған уақытта бұл өнер толығымен жоғалған. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы саз балшық өнерін қайта қолға алуға негіз болып отыр.
- Әліби 8-сыныптан бері суретке ден қойып, қалалық, облыстық деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр, - дейді технология пәнінің мұғалімі Төлеубек Ыкышев. - Суретті де жақсы салады және ермексаз, саз балшықтан да түрлі бұйымдарды жасауға деген қабілеті жоғары, қолы шебер бала. 9-сыныптан бастап ғылыми жобаны қолға алып, бір жылдай зерттеп, "пісті" деген уақытта жарысқа қостық. Іріктеуден өтіп, республикалық жарысқа жолдама алды. Дегенмен, жүлдеге ілікпеді. Саз балшық таза табиғи өнім болғандықтан оқушым балалардың ойыншықтарын, түрлі естелік сыйлықтарды жасауды мақсат етіп алды.
Одан бөлек, "Мәңгілік ел - болашаққа ұмтылған ел" белсенділер мен көшбасшылардың аймақтық конкурсында сурет салып, 2-орынға ие болған. Үздіктердің қатарынан көрінген Әлібидің суреті ШҚО Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жасұлан Бірлікұлының бастамасымен шығарылатын "Туған өлкенің аңыздары, мифтері мен хикаялары" атты кітапта жарық көрмек.
- Суретті әкем жақсы салады, - дейді Әліби. - Сурет салуға деген қабілет әке қанымен бойыма дарыса керек. Жалпы, кішкентай кезімнен сурет салу, ермексазбен ойнау, қолөнер бұйымдарын жасауға қызығушылығым болды.
Сабағын озат оқитын "Алтын белгі" үміткері болашақта аудармашы болуды армандайды.
- Мүмкіндік болса, елдер арасында қарым-қатынас орнататын елшілікте жұмыс істегім келеді. Болашақ мамандығыма байланысты ағылшын тілі мен дүние жүзі тарихы пәнін таңдап, дайындық жүргізудемін. Тамызда IELTS тапсыруды жоспарлап отырмын. Сол арқылы Алматыдағы Абылайхан атындағы университетке түскім келеді. Ағылшыннан өзге неміс, кәріс және жапон тілдерін үйренбекпін, сол үшін жазғы уақытта тіл курстарына барсам деген ниеттемін, - дейді Әліби.