Шығыс Қазақстан тұрғындары науқас балаға қаражат жинауда
Сирек кездесетін қатерлі ісікке шалдыққан кішкентай жерлесі Богдан Унруге қолдау көрсету үшін Жезкент ауылының тұрғындары қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды
Корея клиникасында жатқан бес жастағы Богданға отандық медицина жәрдем бере алмады. Шетелдік дәрігерлер 35 мың доллар сұрап отыр. Ал баланың туыстары мен еріктілер аталған соманың жартысын да жинай алмаған.
Жезкентте жәрмеңке ұйымдастырғандар 132 мың 400 теңге жинай алды. Қолөнер шеберлерімен бірге жәрмеңкеге меценаттар, мектеп және мектепке дейінгі мекемелер әкімшілігі, балалар да қатысты.
Айта кету керек, Жезкенттің жергілікті қолөнершілері өз өнімдерін Бородулихада өтетін Масленицаға жіберді. Жиналған қаражат та баланың еміне жұмсалады.