Семей қаласында автобустар жаңаруда
Желтоқсан айында Семей қаласында жаңа жиырма автобус сатып алынды
Облыс әкімі Даниал Ахметов облыстың басты қалаларындағы автобустардың жағдайына қатаң наразылық білдірген болатын. Жол жүру ақысы өскеніне қарамастан, көптеген тасымалдаушы мердігерлер қоғамдық көлікті жаңартпады. Мұнымен қоса, кәсіпкерлер көтерілген жолақысының жеткіліксіздігін тілге тиек еткен болатын. Дегенмен, бұған қарамастан Семей қаласы алғашқылардың бірі болып автобустарын жаңарта бастады. Өңір басшысы Семей қаласына барған жұмыс сапарында бұл бағыттың дұрыс арнасын тауып келе жатқанына көз жеткізді.
- Семейдің жолаушылар тасымалы қызметінің сапасын арттыруға "BusReport" бағдарламасы септігін тигізді, - дейді Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов. - Қазір қала тұрғындары "ІnfoBus" бағдарламасының көмегімен қоғамдық көлік маршруттарының барлығын бақылай алады. Айта кету керек, "BusReport" бағдарламасы тасымалдаушылардың кемшіліктерін ашуға көмектесті. Былтыр 8 маршрутта қызмет көрсетіп келген "Семавтопарк" ЖШС компаниясымен жасалған келісімшарт сот арқылы күшін жойды. Бүгінгі таңда бұл маршруттар "Мусапиров" ЖК мен "Таксомоторный парк" ЖШС қарамағына өтті. Олардың алдына автобус паркін жаңарту міндеті қойылып, бұл міндет сәтті аяқталды.
Семей әкімі ақпан айында тағы 15 автобустың жолға шығатыны туралы мәлімдеді. Жаңа көліктерді көріп шыққан облыс әкімі Даниал Ахметов мұндай жаңа автобустарды Өскемен қаласына да сатып алуды тапсырды.