Ұрланған телефонды бұғаттау қажет
Полиция қызметкерлері ұрланған ұялы телефондарды бұғаттап тастауды ұсынып отыр. Телефон табылмаса да, есесіне, ұрлықшылар азаяды
Тәртіп сақшылары Ресейде бірнеше жыл бойы қолданылып келген ұрлықтың алдын алу тәсілін тәжірибеде пайдаланып көргісі келеді. Өйткені осы тәсіл арқылы көрші мемлекет телефон ұрлығын екі есеге дейін төмендеткен.
Тәсілдің түрі қарапайым. Ол - ұрланған телефондарды шетінен құлыптау. Алайда бір қиындық бар. Ол - ұялы телефонды құлыптауға арыз берушінің келісім бермеуі.
- Еліміздің заңнамасында ұялы телефонды құлыптау үшін оның иесі келісім беріп, өтініш қалдыруы тиіс деп көрсетілген. Ал тұрғындардың көбі бұған келісе бермейді. Телефоным табылмай қалады деп ойлайды. Ресейде олай емес. Телефонды құлыптауға полицияның құқығы бар, зардап шегушінің келісімін қажет етпейді, - дейді ШҚО Ішкі істер департаментінің криминалды полиция басқармасының басшысы Нұркен Көпжасаров.
Қандай затқа сұраныс пен қызығушылық көп болса, сол заттың ұрлануы да жиілей түседі. Бұғатталып қалған телефон ешкімге қажет емес. Егер ұрланған телефонды құлыптап тастар болса, ұрлықшылар оны сата алмай қалатыны белгілі. Осылайша ұрлықшылар телефонды ұрлағанымен, одан табыс таба алмайтындығын білген соң, мұндай қылмысқа бармайтын болады.
Сол сынды полицейлер ломбардтарды тексеруге де құқық беруді сұрап отыр. Өйткені қазіргі уақытта ешқандай мекеме, құзіретті орган ломбардты тексере алмайды. Ломбард қызметіне шектеу қойылмаған әрі оны тексеру құқығы ешкімге берілмеген. Ал ұрланған заттардың көбі ломбардқа келіп түседі. Өйткені ұры қолды қылған затын сатуға тырысады. Ал ломбард - ең тиімді жол. Затты өткізіп, ақшасын алып тайып тұрады. Кепілге қойған затын қайтып алмайды да.
Сондықтан тәртіп сақшылары ломбард иелерімен келісімге келе отырып, ұрлықты азайтуды ойлап отыр. Қазір тек тетіктерін ойластыруда, келісімге келудің жолдарын іздеуде.