Өскемендегі әйел құмсалғыш орнатып, оған өзін байлап тастаған
Бұл әйел аулада тұрған бос орынға бетон блок қойып, құмсалғыш салатындығын айтып, көлікті қаңтаруға орын босатпай қойған
Ғарышкерлер көшесінде тұратын 52 жастағы тұрғынның бұл әрекетін аула адамдары қарсылық көрсетіп, бетонды алып тастамақ болған. Ал «бастамашы» әйел болса, үйден арқан алып шығып, өзін бетон блокқа байлап тастаған.
- Олар мен жасаған құмсалғышты бұза бастады. Оларды тоқтату үшін өзімді блокқа байлап тастадым, - деп ақталды тұрғын сот залында тұрып.
Ал куәгерлердің айтуынша, көрші әйел өзін өте дөрекі ұстап, маңайдағы адамдардың барылғын балағаттаған. Сотқа арызданған бір ер адам оның ар намысына тиетін сөздерді айтып, кемсіткенін айтқан.
№2 Өскемен қалалық соты ер адамның арызын қанағаттандырып, әйелге 57 мың теңге айыппұл салып, 50 мың теңге моральдық өтемақы төлетуге міндеттеген.