Мамандар Куленов кентіндегі ыстық су құбырының неліктен бензин татып тұрғанын түсіндіріп бере алмады
Осыдан бірнеше күн бұрын Куленов кентінің тұрғындары ыстық судан бензин дәмі шығып тұрғанын айтып, шағымданған болатын
Ал «Өскемен жылу жүйелері» АҚ өкілдері ыстық суға тексеріс жүргізенімен, неліктен бензиннің дәмі шығып тұрғанын нақты айта алмады. Тек тұрғындардың өздері кінәлі дегенді айтты.
- Бұған тұрғын үйдің жылу беру жүйесіне типі мен маркасы бөлек әртүрлі құрал-жабдықтардың қосылуы себеп болуы мүмкін. Тұрғындардың өздері де энергия беруші ұйымдарға қандай құбыр жабдықтарын алып салғанын хабарламайды. Біз жертөледегі құбырларды да тексеріп шықтық. Температураны реттеп отыратын жабдықтың, құбырлар байланысқан жерде бағыттағыш, реттегіш арматураның болмауы – мұның барлығы құбырдағы су мен оның санитарлы-техникалық жағдайына әсер етуі мүмкін, - дейді «Өскемен жылу жүйелері» АҚ өкілі Дулат Шарапиев.
Қазіргі уақытта Куленов кентіндегі судың жағымсыз иісі кеткен. Алайда су тағы «сасуы» мүмкін. Бұған ешкім кепілдік бере алмайды.
Ал өз кезегінде, «Өскемен жылу жүйелері» АҚ өкілдері жағдай қайталана қалса, оны реттеуге бар күшін салатындығын уәде етті.